Теңгенің нығаюы инфляцияға қалай әсер етеді


Ұлттық банк теңгенің айтарлықтай нығаюына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды LS.

Қазан айынан бері теңге тұрақты түрде нығайып, 1$ 499-500 теңге деңгейіне жетті, бұл шамамен 9%-дық өсуге тең.

Ұлттық банк мәлімдегендей, мұның негізгі себептері – сыртқы жағдайдың қолайлығы, жүйелі макроэкономикалық саясат және инвесторлардың сенімінің артуы.

"Әлемдік мұнай бағасы тұрақты түрде баррельге $60-тен жоғары деңгейде сақталуда. Сонымен бірге, АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі жаһандық доллар индексін 8,3%-ға әлсіретіп, дамушы елдер валюталарының индексін дәл сонша нығайтуға мүмкіндік берді. Осы факторлардың әсерінен халықаралық инвесторлардың дамушы елдер активтеріне, соның ішінде Қазақстан нарығына қызығушылығы артты", – делінген хабарламада.

Теңгенің нығаюында үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен саясаты маңызды рөл атқарды. Бұл 2026- 2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен шаралар бағдарламасымен байланысты.

Сонымен қатар, теңгедегі қаржылық құралдардың тартымды табыстылығы, әсіресе шетелдік инвесторлар үшін, өз әсерін тигізді. Қазаннан қарашаға дейін шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік қазына қағаздарына портфельдік инвестициялары $1,1 млрд-қа өсті, ал жалпы көлемі тарихи рекордқа – $3,6 млрд жетті.

"Шетелдік инвесторлардан келетін валюта ұсынысының артуы теңгенің нығаюына тікелей ықпал етті. Сонымен қатар сыртқы жағдайдың қолайлы болуы бағамды қолдады. Теңгенің күшеюі инфляцияны тұрақтандыруда маңызды фактор болып табылады. Импорт тауарларының тұтыну себетіндегі үлесін ескерсек, теңгенің нығаюы сыртқы баға қысымының ішкі бағаларға әсерін шектеуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті Ұлттық банкте.

Дегенмен, Ұлттық банк спекулятивті белсенділіктің жоқ екенін және араласуды қажет ететін факторларды байқамағанын хабарлады.

KASE-дегі соңғы сауда қорытындысы бойынша USD/KZT жұбы 503,63 теңге деңгейінде қалып отыр. Ал Алматы мен Астанадағы айырбастау пункттерінде $1 502-507 теңге аралығында сатып алуға болады.