Қыста көмір құны шарықтап кетпей ме?

Қазақстанда алдағы жылыту маусымындағы көмірдің құны белгілі болды, деп хабарлайды LS.

Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов кеніштерде өндірілетін отынның бағасы туралы айтып берді.

"Бүгінде негізгі жеткізушілердің құны 7,1 мың теңгеден 9 мың теңгеге дейін құрайды. Атап айтқанда, "Шұбаркөл Көмір " – 8 мың теңге, "Қаражыра" – 8,7 мың теңге, "Майкубен-Вест" – 7,7 мың теңге, "Шұбаркөл премиум" – 9 мың теңге", – деп тізімдеді ол.

Бұл ретте өңірлік операторлардың бағасы 8 мыңнан 26 мың теңгеге дейін ауытқиды, деп толықтырды Жолмағамбетов.

"Бұл жерде айту қиын. Кеніштерге жақын орналасқан елді мекендерден тікелей алып сатып алыады. Сондықтан бағалары – 8 мың теңге. Дегенмен, бізде теміржол тұйығы жоқ шалғай аймақтар бар. Мұнда көмірдің құнына дизель отынының бағасы да әсер етуі мүмкін", – деп түсіндірді ол.

Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінде индустрия министрлігі әкімдіктермен бірге өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету, қорларды жинақтау және көмір операторларына өтінімдер беру мониторингін жүргізуде.

"Әкімдіктер жергілікті жерлерде сатылатын көмірдің бағасын бақылауға алуларын сұраймыз. Бағалар көрсетілген дәліз шегінде болуы және елеулі үстемеақылар болмауы тиіс. Шын мәнінде көмір бар. Жергілікті жерлерде әкімдіктер дайын. Енді өтінімдер мәселесі: егер халық күн суытқанды күтіп, көмірді соңғы сәтте сатып алса, онда қиындықтар туындауы мүмкін. Себебі бір мезгілде 500 машинаға сұраныс түссе, өңірлік оператор оған қызмет көрсетуге қауқары жетпейді", – деді Жолмағамбетов.

Оның айтуынша, ведомство әкімдіктерді халыққа суық ауа райын күтпестен отынды алдын ала сатып алу үшін ақпараттық науқан жүргізуге шақырады.

Бұған дейін, қазақстандық көмір Испания мен Қытайға тасымалданатыны хабарланған болатын. Бұл ретте қазақстандық көмірдің пайдаланылмайтын әлеуеті $25 млрд-қа бағаланды.