Семейде екі саяжай кооперативі жұмысын тоқтатты

Абай облысының прокуратурасы Мұрат және Бобровка саяжайларының қызметін тексерді.

Тексеру барысында соңғысының тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз монополиялық қызметті жүзеге асырғаны, электр энергиясына жоғарылатылған тарифтер белгілегені, электр желілерін жалға алғаны үшін негізсіз төлем алғаны және т.б. құқық бұзушылықтар анықталды.

"Осылайша, кооперативтер электр энергиясын өндіруші болып табылмайтындықтан, энергия өндіруші компаниядан 1 кВт-қа 14,202 теңге сатып алып, оны жоғарылатылған тариф бойынша (1 кВт үшін 18 теңге, яғни 4 теңгеге қымбат) 8,5 мыңнан астам тұрғындарына сатты. Оның көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары болып табылады",- делінген баспасөз хабарламасында.

Нәтижесінде Абай облысының табиғи монополияларды реттеу департаментіне қадағалау актісі енгізіліп, кооперативтерге ӘҚБтК 164-бабының 3-бөлігі бойынша жалпы сомасы 25 млн.теңге айыппұл салынып, Мұрат және Бобровка саяжай массивтерінің 8,5 мың тұрғынының құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ, Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 және 30 қазандағы заңды күшіне енген шешімдері бойынша кооперативтер таратылып, сол арқылы олардың заңсыз қызметі тоқтатылды.

Сурет: ашық дереккөздерден