"Қаржыгер мен тарихшы бүкіл облыстың спортын қалай көгертеді?": Журналист Батыс Қазақстандағы спорт басқармасының былығын жайып салды
Белгілі спорт комментаторы, журналист Аслан Каженов Батыс Қазақстан облысы спорт басқармасының кезекті тағайындауын сынға алды. |
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Қаржыгер-басшы, тарихшы-қосшы…
Батыс Қазақстан облысында бірде-бір спорт маманы жоқ па? Кезекті тағайындау және кезекті шок ақпарат. Бұған дейін басқарма басшылығына өмір бойы қаржыгер болып келген Жеңіс Нығметуллинді қойып еді. Ол соңғы жылдары ғана осы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды. Онда да, мықты спорт маманы не спорт менеджері ретінде таныла алған жоқ. Керісінше, күн өткен сайын өңір спорты тығырыққа тіреліп, құрдымға кетіп барады.
Енді ол өзінің орынбасары қылып, тарих және география пәндерінің мұғалімі Мирболат Нұржановты тағайындады. Кейінгісінің биографиясында да спортқа қатысты ештеңе жоқ. Мұрнына иісі бармайды десе болады. Неге бұлай? Қаржыгер мен тарихшы бүкіл облыстың спортын қалай көгертеді? Екеуінің қандай жоспары бар? Жалпы осындай қадамға барып отырған облыстық әкімдіктің мақсаты қандай? Түсіндіріп бере ала ма? Тағдайындауды жасағанда, елден ұят болды-ау, әңгіме болады-ау, деп қымсынбайсыздар ма? Не масқара мынау?", — деп жазды журналист.