Қазақстанда тұрғын үйді рәсімдеу мәмілесі цифрландырылмақ
Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сатуды нотариусқа немесе ХҚКО-ға жүгінбей цифрландыру жоспарлануда. Сондай-ақ, қазақстандықтардың өмірін оңайлату бойынша басқа да жобалар іске асырылатын болады. Бұл туралы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Үкімет сағаты барысында Қазақстанда жыл сайын бір жерден екінші жерге 50 млн анықтама ұсыну қажет болса, қазір олар цифрлық форматқа ауыстырылғаны айтылды.
Талдауға сәйкес, қағаз анықтамаларды талап ету мәселесі толығымен шешілмеген. Оның ішінде жұмыс берушілер мен мектептер тарапынан.
"Келесі жылы екі уәкілетті министрлік бұл мәселені толығымен шешеді. Анықтаманы заңсыз талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді сұраймыз", — деп түсіндірді Мусин.
Ол бүгінде мемлекеттік қызметтердің 93%-ға жуығы электрондық форматта қызмет көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ, 6,3 млн отбасы туралы деректер цифрландырылды. Осының есебінен қазақстандықтарда қандай қызметтер көбірек сұранысқа ие екенін білуге мүмкіндік туды. Бірақ дерекқордағы қателер мәселесі бар.
Сондықтан министрлік басшысы премьер-министр Әлихан Смайыловтан оларды өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуді сұрады.
Цифрлық сервистер туралы айта келе, Мусин онлайн-форматқа көшіру есебінен автокөлікті электрондық сатып алу-сату үлесі 55%-ға жеткенін, банктерде ипотеканы тіркеудің 67%-ы да онлайн ресімделетінін атап өтті. Сонымен қатар, "Электрондық үкімет " әрбір азаматты туған күнімен құттықтайды және құжаттардың мерзімі аяқталғанын алдын ала еске салады.
Министрдің айтуынша, келесі жылы зейнетақы тағайындау процесі өзгертіліп, ол мүлдем жаңа форматта жүргізілмек.
Сондай-ақ, жұмысқа орналасу, интернетке қосылу, декларацияларды тапсыру, балабақшаға кезекке қою кезінде талап етілетін анықтамалардың 12 түрін жою бойынша жобалар әзірленуде.
"Мемлекеттік органдар пилоттық жобаларды сапалы және уақтылы енгізуді қамтамасыз етуі тиіс", — деп түсіндірді Мусин.
Болашақта жылжымайтын мүлік саласында үйді, пәтерді немесе кеңсені сатып алу немесе сату кезінде бұрынғыдай нотариусқа немесе ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды. Мұндай онлайн-сервис Blockchain технологияларын және биометриялық сәйкестендіруді пайдалана отырып ұсынылады.
Әрбір объект бойынша жасалатын барлық іс-әрекеттер мен бейнематериалдар "Электрондық үкіметте"сақталады. Осылайша, бірнеше күнге созылатын процесс бір сағатқа дейін қысқарады.
Министр атап өткендей, қазір құрылыс объектісін тіркеу кезінде оның шынымен бар – жоғын ешкім тексермейді. Министрлік Ақтөбеде тіркелген барлық нысандарды космомониторингтің көмегімен тексерді. Нәтижесінде іс жүзінде жоқ құрылыс объектілері бар 20 жер учаскесі анықталды.
"Осындай фактілерді болдырмау мақсатында құрылыс нысандарын пайдалануға беру процесіне космомониторингті енгізуді ұсынамыз", — деді Мусин.
Сондай-ақ, I-Qala жобасы енгізілуде, оның есебінен пәтер иесіне коммуналдық төлемдер бойынша онлайн шарттар жасасу үшін SMS жіберіледі. Кем дегенде бес компанияны айналып өту қажеттілігі жойылды.
"Бүгінде елордада 80 мыңнан астам шарт сәтті жасалды. Қазір Алматыда іске қосылып жатыр. Мұны бүкіл республика бойынша тарату қажет. Басқа әкімдіктер бұл сервисті енгізу бойынша жұмысты жеделдетулері тиіс", — деп атап өтті министр.
E-Otinish платформасында 200 жасырын қызмет анықталды. Оларды мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мусиннің айтуынша, ауылдық пошта бөлімшелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет.
Министр қазір әрбір қазақстандық қызмет алу үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалана алатынын атап өтті.
"Кейбір қызметтерді цифрлық форматта да алу қиын. Мысалы, қазір әрбір пайдаланушы электрондық қолтаңбаны алу, оны компьютерге орнату, құпия сөзді жоғалту сияқты қиындықтарға тап болады. Ол үшін, ең алдымен, барлық салаларда қызметтерді смартфонға немесе проактивті форматқа ауыстыру, сұраныстарды тек биометрия немесе QR көмегімен растау енгізіледі", — деді Мусин.
Министрлік ChatGPT сияқты азаматтардың талаптарын тез және сапалы орындау үшін жасанды интеллект технологиясын енгізіп жатқанын айтты.
Кәсіпкерлерге арналған қызметтер де жетілдірілуде. Министрдің айтуынша, цифрлық қызметтерді ұлғайту және оларды реинжиниринг бойынша жұмыстар жалғасады.