Белгілі балалар жазушысы «Жас ұлан» лицейіне «Тастүлектіктермен» кездесуге келді

Фото: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қыркүйек айының ортасында, Астана қаласынан «Жас Ұлан» Семей ерлер лицейіне, белгілі балалар жазушысы, публицист, журналист, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, Алаш әдеби сыйлығының иегері – Толымбек Әбдірайым дарынды «Ұландармен» кездесуге келді.

Аядай ғана «Абайтану» сыныбын жап-жарық шуаққа бөлеген бірегей Жазушының қысқаша баяндалған ғұмырнама тарихы, қаламгерлік жолы, тұлғалық қалыптасу арнасы, өнегелі өмірі, ескірмес естеліктері... бәрі-бәрі біздің ақын-жазушылыққа қызығушылық танытып жүрген Ұландардың есінде қалғаны сөзсіз.

Жазушы Толымбек Сылдырбайұлы Әбдірайым көптеген елге белгілі шығармалардың авторы. Сандаған кітаптары жарық көрген. Марапаттары да айтуға тұрарлық. Таяуда ғана туған күні болып өткен жазушының көңіл — күйі тіптен ғажап. Биыл, қаламгеріміз, жетпіс жасқа бір қадам жақындапты.

Кездесу өте қызықты өткені сондай, Ұландар жазушы әңгімесін қызыға талғаммен тыңдап, мәңгі ұмытпастай естерінде сақтады.

Ұландар, арагідік жазушы Толымбек Әбдірайымға өздерінің еркін шығармашылық бағыттағы сұрақтарын қойып, бір-екі Ұлан қадірлі қонаққа, өздерінің патриоттық тақырыптағы өлеңдерін оқып беріп, есесіне тұшымды да тағылымды жауап пен қатар ырза қошеметін де ала алды. «Тастүлек» жас ақындар үйірмесінің Жетекшісі — Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы Жазушыға Лицей ұжымы атынан өз Арнау жырын паш етіп, естелік сый табыстап, алғыс хатпен ризалышылығын білдірді. Және онымен қоса, «Тастүлектерге» сәттілік тілеп, «Жас Ұлан» ерлер лицейінің алдағы «30 жылдық мерейтойымен» құттықтап, өзінің жүрекжарды ақ лебізін айтты.

Кеш соңында, өлкеміздің мақтаныш жазушысымен еркін форматтағы фотосуретке түсіп, жазушы қолтаңбасы қойылған «Алабұға аулаған күн» прозалық кітабы Кітапханаға тарту етілді.

Кітапханашы, Ақсел Тасқынқызы