Қазақстандық балуан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды

Испанияның Понтеведра қаласында өткен әлем чемпионатында 92 келіге дейінгі салмақта еркін күрестен Қазақстан құрамасының өкілі Камил Куруглиев үшінші болды.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мәліметінше, еркін күресші әлем чемпионатында жартылай финалға шығып, ресейлік Мұстафагаджи Малачдибировтен жеңіліп қалды.

Нәтижесінде қазақстандық спортшы қола жүлде үшін күресті. Оған ирандық Амирреза Далири қарсы шықты. Куруглиев 8:5 есебімен жеңіске жетіп, қола жүлдегер атанды.

8 қыркүйек, жексенбіде сынға түскен қазақстандық Әбдінұр Нұрланбек (61 келіге дейін) үшінші орын үшін белдесуде Бхуванештен (Үндістан) жеңіліп, бесінші болды.

Бұған дейін Ризабек Айтмұхан (97 келіге дейін) әлем чемпионы атанған болатын.

Сурет: Olympic.kz